Артқа
Артқа

Шолу: жүкті әйелдерді есепке алу, сақтандыру және оларға медициналық қызмет көрсету

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүкті және босанған әйелдер үшін пайдалы болатын үлкен шолуды дайындады.
         Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарының өтініштерін қарау жөніндегі сарапшы, тәжірибелі дәрігер Бағдагүл Ысқаққызы
Әбдірасылова әйелдерге жеңілдікті мәртебені қалай алуға болатынын, сақтандырусыз есепке тұру жағдайын түсіндіреді және оларға қандай медициналық көмек көрсетілетінін айтады.

 

Заң бойынша құқылы

Ана мен баланы қорғау медициналық көмек көрсетудің басым бағыты болып табылады. Жүктілік барысын бақылау болашақ ананы медициналық қызметтердің қажетті кешенімен қамтамасыз етуге және жүктілікті жүргізу хаттамаларын сақтауға дәрігерлердің ғана қатысуын талап етпейді. Жүкті әйелдің дәрігердің ұсыныстары мен нұсқауларын орындауға қатысуы да міндетті шарт болып табылады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте жүкті әйелдің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Бұл, ең алдымен, әйелдің өз денсаулығын және әлі туылмаған баласының денсаулығын қорғауға, жүктілік кезінде, босану кезінде және одан кейін медициналық көмекке құқығы. Ал жүкті әйелдің міндеті бақылауда болуы үшін дер кезінде есепке тұру болып табылады», - деп атап өтті Бағдагүл Әбдірасылова.

Жүктіліктің алғашқы белгілерін байқаған сәттен әйел тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінуі қажет.

Емхананың медицина қызметкерлері жүктілік кезінде тек медициналық бақылауды ғана емес, сонымен қатар психопрофилактикалық көмекті де көрсету арқылы, болашақ анаға көмектесуге және оны қолдауға шақырылады.


Жүкті әйелді есепке қою

Спикер атап өткендей, әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін міндетті түрде емханада тіркелуі керек. Егер әйел ресми түрде жұмысқа орналасқан болса, онда заң бойынша жұмыс беруші өз қызметкеріне тексерілу үшін және жүктілігі бойынша медициналық есепке тұруына уақыт беруі керек. Бұл ретте оның жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталады. Бұл норма Кодексте қарастырылғанымен, дегенмен барлық әйелдер өздерінің құқықтары туралы біле бермейді.


Дәл сұхбаттасудағыдай

Сонымен, жүкті әйелге қандай медициналық көмек көрсетілуі тиіс?

«Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартында (ҚР ДСМ №92 бұйрығы) жүкті әйелдің міндетті тексерістерден өтуі және гинеколог, терапевт дәрігеріне немесе басқа да бейінді мамандарға баруы көзделген. Ең бастысы-әрдайым байланыста болу және акушермен немесе гинекологпен хабарласып тұруы. Жүкті әйел акушер-гинекологқа бірінші рет жүгінген кезде дәрігер өмір тарихын, яғни оның даму тарихын жинайды: балалық шақта орын алған аурулар, оларды емдеу әдістері, операциялар. Әйел барлығын, соның ішінде егер болған жағдайда, алдыңғы жүктілік туралы айтуы керек. Мұның бәрі өте маңызды», – Бағдагүл Әбдірасылова.

Анамнезді толық жинағаннан кейін гинеколог науқастың және оның серіктесінің медициналық деректерін зерттей бастайды. Әйелдің жұмыс жағдайы, сонымен қатар темекі шегу, алкоголь, есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану сияқты зиянды әдеттердің болуына дейін барлығы белгілі болады.

Жүктілік мерзімі белгіленгеннен кейін бірінші қабылдауда акушер-гинеколог жүкті әйелдің жеке картасын ресімдейді және оның қолына айырбастау картасын береді. Сондай-ақ медициналық тексерулер тағайындалады, оған міндетті түрде мыналар кіреді:

1) жүкті әйелді зертханалық тексеру – жалпы сипатта, әртүрлі ауруларды анықтау үшін;

2) хромосомалық патология және құрсақішілік ұрықтың туа біткен даму ауытқулары (даму кемістіктері) бойынша қауіп тобын анықтау үшін пренаталдық скрининг;

3) функционалдық тексерулер: электрокардиограмма (ЭКГ), көрсетілімдер бойынша эхокардиография (ЭхоКГ), бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ);

4) стоматологтың консультациясы (жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС жүйесінің қатысушылары ретінде тегін көрсетіледі) және көрсетілімдер бойынша – отоларинголог дәрігердің қарауы.

Жүктілік бойынша есепке қойылғаннан кейін келесі қабылдау күні 10 күннен аспайтын мерзімде тағайындалады.


Жүкті әйелді бақылау жоспары

Екінші қабылдауда жүкті әйелді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін гинеколог оның қауіп факторларын ескере отырып, белгілі бір топқа жататындығын анықтайды және жүктілік пен босануды бақылаудың жеке жоспарын жасайды, сонымен қатар қосымша тексеру жүргізеді.

Сондай-ақ, екінші қабылдауда жүктілікке қарсы көрсетілімдердің болуы немесе болмауы анықталады. Егер қарсы көрсетілімдер болған жағдайда, онда жүктілікті тоқтату туралы мәселе медициналық кеңес беру комиссиясына жіберіледі. Сонымен қатар, әйелдің өзі бала көтерумен және оның туылуымен байланысты барлық қауіптер түсіндірілгеннен кейін жүктілікті үзуге қатысты шешім қабылдауға құқылы.

«Жүктілікті тіркеуді емхананың акушер-гинеколог дәрігері жүргізеді. Медициналық көрсетілімдер болған кезде, сондай-ақ жүкті әйелдің жағдайын ескере отырып, ол жүктілікті жүргізуге арналған мамандандырылған орталыққа ауыстырылуы мүмкін. Сондай-ақ, әйел дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыстың неғұрлым жеңілдетілген шарттарын алуға құқылы», - деп Бағдагүл Ысқаққызы жүкті әйелдердің құқықтарын түсіндіреді.

Содан кейін, 30 аптада болашақ ана міндетті түрде қайта тексеруден өтуі қажет. Ол қайтадан қажетті сараптамаларды тапсырады. Үшінші триместрде ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі.

Сарапшы атап өткендей, егер әйелден патология анықталатын болса, онда оның денсаулығы мен жүктіліктің барысын ерекше бақылау үшін ол әйелдер кеңесінде жиі болуы керек.

Скрининг туралы толығырақ

 

Үш реттік ультрадыбыстық скринингтің жүргізілуі:

1) жүктіліктің 11 аптасынан 13 апта және 6 күніне дейін;

2) 19 аптадан 21 аптаға дейін;

3) 30 аптадан 32 аптаға дейін.

Егер ультрадыбыстық скрининг жүргізу кезінде пренатальды скринингтің бірінші кезеңінде төмендегілер анықталса:

- хромосомалық патологияның ультрадыбыстық маркерлері (белгілері);

- ұрықтың туа біткен ақаулары;

- бірінші триместрдің біріктірілген тестін өткізгеннен кейін ұрықтың хромосомалық патологиясының жоғары жеке генетикалық қаупі (1:150 және одан төмен);

- немесе жүкті әйелдің жасы 37 де, ал оның серіктесі 40 жаста болса,

онда (көрсетілген факторлардың бірі болған кезде) жүкті әйел жүктілікті ұзартудың орындылығы туралы мәселені шешу мақсатында ұрыққа УДЗ қайта жүргізу немесе инвазивтік пренаталдық диагностика жүргізу не мультидисциплинарлық перинаталдық консилиум жүргізу үшін көрсетілімдерді анықтау бойынша генетикке пренаталдық скринингтің екінші кезеңіне жіберіледі.


Акушер қандай медициналық көмек көрсете алады?

Акушер дәрігердің қатысуын қажет етпейтін медициналық көмек көрсетеді. Бұл:

1) пациенттің денсаулық жағдайын анықтау үшін қабылдау және медициналық тексеру, жүктіліктің аурулары мен асқынуларын анықтау;

2) жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге және фертильдік жастағы әйелдерге олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда кезек күттірмейтін және шұғыл медициналық көмек;

3) созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерді учаскелік дәрігерлермен және бейінді мамандармен бірлесіп динамикалық бақылау;

4) акушер-гинеколог дәрігерінің тағайындауларын орындау;

5) бағыттар мен ұсынымдар бере отырып, әмбебап-прогрессивтік модель негізінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдердің физиологиялық жүктілігін және патронажын өз бетінше жүргізу;

6) жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге, гинекологиялық науқастарға және әлеуметтік қаупі бар ұрпақты болу жасындағы әйелдер тобына үйде медициналық қызмет көрсету, жүктіліктің 12 аптасы мен 32 аптасына дейінгі мерзімде жүкті әйелді әмбебап (міндетті) патронаждық бақылау, жүкті әйелдерді патронаждың әмбебап-прогрессивті моделінің схемасы бойынша олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қатер төндіретін медициналық немесе әлеуметтік сипаттағы тәуекелдер анықталған жүкті әйелдерді прогрессивті қарау немесе патронаждық бақылау;

7) отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелері бойынша консультация беру.

Егер жүкті әйел тағайындалған күннен бастап үш күн ішінде қабылдауға келмесе, онда акушер немесе учаскелік медбике оған патронажға келуі тиіс.

Егер жүкті әйел орташа қауіп-қатерге душар болса (оның ішінде емшек сүтімен байланысты проблемалар, гигиеналық дағдыларға қатысты қиындықтар), акушер / учаскелік медбике өз бетінше немесе учаскелік дәрігермен бірігіп жұмыс жасайды.

Бірақ, егерде әйел әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін жоғары тәуекел тобына кіретін болса (қатыгездік, зорлық-зомбылық, әйелдің мүгедектігі), мәліметтер әлеуметтік қызметкерге, психологқа және қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге (білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар) беріледі.


Перзентханаға жолдама

Жүктілік бойынша есепке қойылған сәттен бастап әйел босануға байланысты дайындық мектебіне бара алады. Бұл оған болашақ ана ретінде қажетті дағдыларды игеруге көмектеседі.

Жүкті және босанатын әйелдерді перзентханаға жіберу перинаталдық көмекті өңірлендіру деңгейін ескере отырып (медициналық көрсетілімдер бойынша), жүктіліктің 37 аптасынан бастап «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының күту парағында тіркеледі. Бұл дегеніміз, егер әйелде жүктілік қалыпты жағдайда болса, онда ол жақын маңдағы перзентханаға босануға жіберіледі. Алайда, егер жүктілік асқынулармен жүрген жағдайда, онда босану мамандандырылған орталықтарда жүзеге асырылады. Жүкті әйелді ауруханаға жатқызу үшін кезекке қояды, ал оның соңғы күні босанудың басталуымен анықталады.

«Әйел перзентхананы өздігінен таңдай ала ма деген сұрақ жиі қойылады. Ия, егер жоспарланған босану немесе жоспарланған кесарь тілігі туралы айтатын болсақ», - деп түсіндіреді Бағдагүл Ысқаққызы.


Ал егер сақтандырылмаған болса?

Ең алдымен, жұмыс істейтін әйелдер үшін жарна – олардың жалақы мөлшерінің 2%-ы түсетінін атап өткен жөн. Жұмыс беруші салық салынатын кірістің 2%-ы мөлшерінде аударымдар төлейді.

Декреттік демалысқа шыққаннан кейін әйел табысын алуды тоқтатады және ол үшін енді жұмыс орнынан зейнетақы, әлеуметтік аударымдар түспейтін болады. Осыған орай, ол «жұмыс істемейтін жүкті әйел» жеңілдік санатына қосыла алады. Сол уақытта мемлекет ол үшін МӘМС-ға жарна төлейді.

«Әйел жүктілік бойынша есепке тұрады және ол туралы деректер жүкті және фертильді жастағы әйелдердің тіркеліміне (ЖжФЖӘТ) енгізіледі. Осыдан кейін төлем жүйелеріне ол үшін міндетті төлемдердің – зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуын тексеруге сұрау салу жіберіледі. Егер төлемдердің болмауы расталса, онда «Сақтандырылған» мәртебесі үш жұмыс күні ішінде автоматты түрде беріледі. Бұл ретте, жұмыс істемейтін жүкті әйел жеңілдікті санатта болған кезде, егер онда өткен кезеңдер үшін берешекбар болса, оны өтеудің қажеті жоқ. Бірақ, егер ол жеңілдік мәртебесін жоғалтса, онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалану үшін қарызды өтеп, МӘМС-ке үнемі жарна төлеуді жалғастыруы керек», – деп түсіндіреді сарапшы.

Алайда, әйелдер жеңілдік мәртебесін жоғалтқан жағдайлар болады.

«Жеңілдікті санаттағы әйелдер жеке себептері бойынша бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлейтін жағдайлар жиі кездеседі. Алайда, бұл төлем зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды да қамтиды. Сондықтан, ақпараттық жүйе осы түсімдер туралы ақпарат ала отырып, әйелді жұмыс істейтін адам ретінде автоматты түрде таниды. Бұл сақтандырылған тұлғаның жеңілдікті мәртебесін жоғалтуына әкеліп соғады. Қор мекенжайына осындай жағдайға тап болған және оларға МӘМС жүйесінде сақтандырудың жеңілдік мәртебесін қайтаруды талап ететін әйелдерден өтініштер жиі түседі. Егер екі ай ішінде олар үшін міндетті төлемдер түспесе, бұны қалыпқа келтіру мүмкін. Сонда олар жұмыс істемейтін жүкті әйелдер ретінде мемлекеттің жарналары есебінен қайтадан сақтандырылатын болады», – деп Қордың байланыс орталығы басқармасының басшысы Дастан Серікбаев осы жайттарды түсіндірді.

Емханаға барар алдында МӘМС мәртебесінің болуын нақтылап алу маңызды. Гинекологтың консультациясы жоспарлы түрде МӘМС пакетіне енгізілген медициналық қызметтер тізбесіне кіреді. Сақтандырылған әйел учаскелік гинекологтың қабылдауына жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз жазыла алады. Медициналық сақтандыру жүйесінде мәртебе болмаған жағдайда, оны жалпы практика дәрігері қарағаннан кейін акушер ЖжФЖӘТ-ға қосуы тиіс. Бұл қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі, яғни сақтандырылмағандар үшін қолжетімді болып табылады.

Бағдагүл Әбдірасылова атап өткендей, мемлекет табысы жоқ әйелдерге тек босанғанға дейін ғана емес, одан кейін де қамқорлық жасайды – бала туылғаннан кейін «Үш жасқа толғанға дейін балаға (балаларға) күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар» санатында сақтандырылудың жеңілдікті мәртебесін алуға құқық береді. Жеңілдікті санат бойынша сақтандыруды алып, әйел МӘМС тізбесіне кіретін барлық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.

Егер сұрақтарыңыз болса, сіз оларды емханаңыздан Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласып сұрай аласыз. Егер сізге сол жерде қажетті көмек көрсетілмесе, онда сіз ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере аласыз: Ресми fms.kz сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы Qoldau 24/7 және SaqtandyryBot мобильді қосымшасы.

18.10.2021
66% считают статью полезной Была ли эта статья для вас полезной ?
Сонымен қатар оқыңыз
ОБЩЕСТВЕННО-КОНСУЛЬТАТИВНЫЙ СОВЕТ ФСМС: ДОСТИЖЕНИЯ И ПЛАНЫ
ҚОРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСІ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖОСПАРЛАР
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында Қоғамдық-консультативтік кеңестің ағымдағы құрамымен соңғы отырысы өтті. Шарада 2024 жылдың алдын ала жұмыс қорытындылары шығарылып,  Қордың ахуалдық-талдау орталығының қызметі таныстырылды. Сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
25.12.2024
СКОЛЬКО ПЛАТИТЬ НА ОСМС В 2025 ГОДУ
2025 ЖЫЛЫ МӘМС-КЕ ҚАНША ТӨЛЕЙМІЗ
Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді.
24.12.2024
ЗАПУСК СУР: КОМУ ЭТО ВЫГОДНО И КАК БУДЕТ РАБОТАТЬ
ТӘУЕКЕЛДЕРДІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ: БҰЛ КІМГЕ ТИІМДІ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
Медициналық ұйымдарды тәуекел аймақтарына бөледі. Олардың үштен екісі «жасыл дәлізге» кіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында бұның қандай нәтиже беретінін түсіндірді.
20.12.2024
Барлығын көру
Подать обращение МӘМС калькуляторы Іздеу